Сейіт Қасқабасовтың жарқын бейнесі, ғылыми мұрасы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі мәңгілік ел есінде сақталады
Әдебиеттанушы, фольклоршы ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Семей қаласындағы №5 гимназияда оқыған Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың өмірден өтуіне байланысты Семей қаласындағы көпбейінді №5 гимназия мұғалімдер ұжымы отбасына қайғырып көңіл айтады.
Қазақ әдебиеттану ғылымы орны толмас қазаға ұшырады.
Сейіт Қасқабасовтың ғылыми-педагогикалық қызметі ерекше атап өтуге тұрарлық. Өмірінің соңына дейін өзгеге үлгі боларлық ұрпақ тәрбиелеп, олардың өсіп-өнуіне еңбек сіңірген ұстаз болды. Ғалымның шәкірттері бүгінде еліміздің әртүрлі ғылыми және білім беру мекемелерінде табысты еңбек етуде.
Сейіт Қасқабасов қазақ фольклорын жүйелі түрде зерттеп, оның жанрлық құрылымын, поэтикасын, типологиясын терең талдаған. Ол фольклорлық прозаның жанрларын жіктеп, тарихи-мекендік әпсаналар, әлеуметтік-утопиялық әпсаналар және діни-кітаби хикаяттар сияқты түрлерін анықтады. Сейіт Асқарұлының ғылыми еңбектері қазақ фольклортану ғылымының дамуына зор үлес қосып, ұлттық мәдениеттің сақталуы мен дамуына ықпал етті.
Сейіт Қасқабасовтың жарқын бейнесі, ғылыми мұрасы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі мәңгілік ел есінде сақталады. Қазақ әдебиеті мен фольклортану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның орны ойсырап тұр.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Сейіт Асқарұлының зерттеулері мен еңбектері болашақ ұрпақ үшін құнды мұра болып қала бермек. Отбасына тек жақсылықтар тілейміз.
Абай облысы Семей қаласы Шәкәрім атындағы
№5 гимназиясының педагогикалық ұжымы