18
август
2026
Тамыз конференциясы аясында - құқықтық құндылықтар талқыланды.
Семей қаласы педагогтерінің тамыз кеңесі аясында Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары туралы кеңінен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Тарих пәні мұғалімі Г.Б.Жумабекова «Білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды ілгерілету – білім сапасы мен құқықтық қорғалудың негізі» тақырыбындағы өз баяндамасында Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін айта келіп, Жаңа Конституциядағы өзгерістерге тоқталды. Конституциялық қағидаттарды іске асырудың білім сапасына тікелей ықпалы түсіндірілді. Атап айтқанда, тең қолжетімділік – білімдегі алшақтықты азайтуға, құқықтық қорғау – әділеттілікті қамтамасыз етуге және ашықтық пен есептілік – білім беру сапасын арттыруға негіз болатыны айтылды. Баяндамашы бұдан әрі Қазақстандағы құқықтық реформалар мен халықаралық стандарттарға сай елдердегі нормаларды тәжірибелік мысалдармен жалғады. Мысалы, Финляндия, Германия, АҚШ елдерінде адам құқықтары - білім берудің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатынына назар аудара отырып, бұл елдерде адам құқықтары, оқушылардың пікір айту еркіндігінің қорғалуы жоғары деңгейде екені түсіндірілді. Қорыта келе, Жаңа Конституциядағы адами капитал, білім, ғылым және инновация бағыты мектептің жауапкершілігін арттырады. Алдағы уақытта мұғалімдер өз пәнін үйретумен қатар, өз құқығын білетін, жауапкершілігі жоғары, цифрлық сауатты, сыни ойлайтын, білімін өз дамуына пайдалана алатын азаматты қалыптастыруға үлес қосатын негізгі тұлға екені айтылды.


