Серікжан Еркежан
"Мен - Серікжан Еркежан, 2020 жылдың мектеп түлегімін. ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, көңілімнен шығарлық балл жинадым. Бұл нәтиже - менің он айлық еңбегімнің жемісі деп білемін. Соңғы он ай бойы менің тек ғана бір мақсатым болды, және сол мақсатқа жету жолында мен өзім үшін көптеген жаңалықтар ашып, өз ортамды кеңейттім.
ҰБТ-ға дайындайтын Ustudy білім беру орталығына жазылып, білімімді толықтырып ғана қоймай, жаңа достар таптым. Мен үшін білімнің сапалы болғаны маңызды, сондай-ақ, білім беретін ортаның жағымды болуының мәні зор. Себебі оқуға деген құштарлығым оянып, одан әрі арта түсуі үшін өзімді еркін сезінуім керек және де бәсекелестікті көріп, оны да сезіну қажет.
Ustudy-дан бөлек Bilimland, Daryn.online және т.б білім беру платформаларың пайдаландым. Онлайн тесттерді көп өтіп, білімімді сынадым.
Келесі жылдың түлектеріне айтарым - Еңбектеніңдер, Талпыныңдар, Тілеңдер. Адам өз күшіне сену үшін ең алдымен көп, өте көп еңбектенуі қажет. Қорықпандар. Мүмкіндіктеріңді жіберіп алмандар! Уақытты ұтымды пайдалануды үйреніңдер, өздеріңді сынаудан қашпандар.
Функционалды сауатты болуға тырысыңдар, себебі сендердің бір саладан алған білімдерің басқа салада пайдалы болуы мүмкін. Көпті біліп, үйренулерің - ертенгі күні өздерің үшін жұмыс істейтін болады. Дайындықты неғұрлым ертерек бастап, тұрақты режимде жүргізген жөн‼️ Өздеріңе демеу болыңдар, қатты қобалжудың, шамадан тыс оқудың қажеті жоқ деп ойлаймын, дегенмен босаңсып кетуден сақ болу қажет.
Бәрі - өздеріңнің қолдарыңда. Сәттілік!"